Қолтаңба

Қолтаңба

Дүние-керуен көшеді, адамзат-жалған өшеді дегендей, байыптап қарасақ, өткен жиырмасыншы ғасырдың алапат қырғыны сан миллиондаған адамның қанын төккен кешегі Кеңестер Одағы тілімен айтсақ, Ұлы Отан соғысының  (1941-1945ж.) аяқталғанына, Жеңіс салютінің атылғанына да табаны күректей алпыс сегіз жыл толып отыр. Бұл мерзім Қазақстандағы еркек кіндіктердің орта жасынан да өсіңкі жатыр. Сол сұрапыл соғыстың ізін ала дүниеге келген біздің ұрпақтың бала кезіндегі көзбен көріп, көңіл марқайтқан әскери кительдерінің өңірі орден мен медальға толы Жеңіс солдаттарының қатары таң алдындағы жұлдыздай сиреп, саны азайғанына да біршама жылдың жүзі болыпты-ау!

Scan10002Қазіргі таңда олар ілуде біреу, саусақпен санарлықтай ғана аз қалды. Өмірдің заңы осындай, адамзат көшінде тоқтау болған ба?! Нақ осы тұрғанда сол дәуірдегі қанды қасап соғысқа қатысқан, қазір арамызда тірі жүрген  майдангердің бәрін дерлік ержүрек батыр десе жарасады. Ал сол бір сұрапыл шайқаста белуардан қан, толарсақтан саз кешкен, ерен ерлік көрсеткен, батыр атанған, кеудесінде Алтын жұлдыз таққан жауынгердің орны тіпті бөлек-ақ! Міне, солардың бірі, бүгінде тоқсан деген белеске сергек көтерілген, Қараталдық Кеңес Одағының батыры Иван Васильевич Косенков ағамыз.

Тарихи деректерге жүгінсек, сол екінші дүниежүзілік соғыста  көзсіз ерлігімен Кеңес Одағының батыры атанған Қазақстандықтардың саны бес жүзден асып жығылады екен. Ал солардың алпыстан астамы Жетісу өңірінің (қазіргі Алматы облысы, Алматы қаласын қоспағанда сарбаздары. Тағдыр, жазымыш дегенді қойсаңшы,  сол алпыстың қазіргі көзі тірісі, ортамызда жүрген бірден-бір батыр Иван Васильевич ғана. Таңданбасыңа амал жоқ! Білгенге «Алтын жұлдызды» ардагер ағамыз мына мамыражай бейбіт өмірде де әрбір адам басында ұшырасатын небір тауқымет талайға илікпей (батыр бұған дейін сүйген жары мен туған баласынан көз жазып қалды), қарағайға қарсы біткен бұтақтай  мықтылық танытып, ерен ерліктің үлгісін көрсетуінің өзі не тұрады десеңізші?! Туа бітті табиғатынан біткен қайсарлығының арқасында  дәм бұйырып, 9-мамыр  Жеңіс күніне де аман-сау жетіп отыр. Жарық  дүниеде жарқырап жүруі өзінің де, оны арқа тұтып, мақтаныш санайтын біздің де бақытымыз шығар деп пайымдаймын. Он жылы кем бір ғасырға қадам басқалы отырған батыр  ағамызбен  кейінгі ширек ғасырдағы айтулы оқиға-Жеңіс мерекесі күндерінде қызмет бабымен сәті түсіп жолығып, дидарласып, жанынан табыла білгенім үшін мен де өзімді бақытты санайтын кездерім бар. Енді соның тарихы жайлы азды-кем сыр бөлісейінші…

Тәуелсіздіктің таңы (16.12.1991 ж.) арайлап атқан шақ. Ұзамай елде экономикалық  реформа, жекешелендіру  мен косенков2дағдарыс басталды. Ірілі-ұсақты кәсіпорындар жұмысын тоқтатып, жер-жерде жұмыссыздық  белең алды. Аяғыңды бассаң қиындық. Әйтсе де жас мемлекетіміз тарихи құндылығынан ажырамады, қол үзбеді. Әне-міне дегенше Жеңістің елу жылдығы да (1995ж.) келіп жетті. Үкіметіміз жан-жақтан аңдыздаған қиындыққа қарамастан Жеңіс мерекесін жоғары деңгейде атап өтті. Майдангерлердің әрқайсысына  Президентіміздің қолы қойылған  радиоқабылдағыш пен қол сағаты, ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Ал И. В. Косенков бастаған бір топ ардагерлерді сол тұстағы Талдықорған облысы әкімшілігінің басшысы Серік Ақымбеков  арнайы қабылдады.  Мұнтаздай  болып киінген, наградаларынан омырауына таққан батырды Пронин көшесіндегі үйінен алып шығып, Талдықорғанға жеткізу, салтанатты  жиында жанында болу, кейін Үштөбеге жеткізу міндеті маған жүктелген болатын. Ол тұста аудан әкімдігінде қызмет атқаратын кезім.  Әлі де есімде облыс басшысы бір топ майдангерлерді қабылдап, оларды  Жеңіс  мерекесімен құттықтады, ұзақ ғұмыр тіледі. Ізінше жас мемлекетіміздің төл наградасын табыстады. Президент Жарлығына  сәйкес  Иван Васильевичке берілген «Құрмет» орденін батыр костюмінің өңіріне тақты. Қанша дегенмен туған республикамыздың тұңғыш наградасының әсері болар ағамыздың  жүзі балбұл жайнап шыға келді. Көңіл күйінің көтеріңкі болғаны жолшыбай машина ішінде байқалды.

Арада зымырап он жыл өте шықты. Іргелі Алматы облысының орталығы талдықорған қаласына орналасқан. Ел экономикасы ілгерілеген, халық тұрмысы біршама жақсарған. Жеңіс мерекесінің 60 жылдығына орай ауданымыздың бетке ұстар мақтанышы И. В. Косенков бастаған бір топ майдангерлерді облыстың сол тұстағы әкімі Шалбай Құлмаханов арнайылап қабылдап, сый құрмет көрсететін болды. Салтанатты жиынға аудандық  ардагерлер Кеңесінің төрағасы Таңатар Иманғалиев ағамен бірге әкімдік тарапынан қатысу міндеті бұл жолы да маған жүктелді. Әл-ауқатымыздың жақсарған белгісіндей жиынға қатысатын  майдангерлердің баршасына дерлік бір түсті жаздық костюм-шалбар тігілді. Жарасып-ақ тұр. Оларды алдымен аудан әкімдігіне жинады. Жолға шықанға дейінгі мүмкіндікті пайдаланып, Иван Васильевичтің қос бірдей қолтаңбасын алып үлгердім. Оның бірі облыстық  «Жетісу» газетінің 12.04.2005 жылғы санында жарияланған  «Алтын жұлдызды ардагер» атты мақаланың төбесіне, ал екіншісі өзінің үлкен форматта түскен фотосуретінің  келесі бетіне қойылды. Қарапайым адамның қарапайым қолтаңбасы мен үшін қашан да ыстық әрі қастерлі.

Сол жолғы салтанатты жиын өте әсерлі өтті. Бұл жолы батырға тәуелсіз Қазақстанның «Ерен ерлігі үшін» медалі табысталды. Майдангерлер мұнан соң сәнді де келісті мейрамхананың бірінде көл-көсір етіп жайылан дастарханнан емін еркін отырып дәм татты. Танымал әнші мен бишілердің өнерін тамашалады. Отан азаттығы үшін кезінде кеуделерін оққа төсеген, ұрыс даласында от кешкен, ажалмен талай мәрте бетпе-бет келгендер бір-бірімен дидарласып, сұхбаттасып , мәре-сәре болып қалды. Қалай десек те, Отансүйгіштік қасиетті бойымызға біздер, әсіресе жастар, аға буын өкілдерінің ерлік істерінен  сіңіргеніміз абзал-ақ!

Міне, Құдайым нәсіп етіп арамызда дін аман жүрген ержүрек батыр  Иван Васильевич Косенков ағамыз Жеңістің арайлы таңының алпыс сегіз жылдығын егде тартса да тың да сергек қалпында қарсы алып отыр. Біздің ендігі тілек: «Аманшылыққа жазып, алдағы желтоқсандағы тоқсан деген белеске шаршамай, шалдықпай көтеріліңіз. Жеңістің 70 жылдығына (2015ж.) дін аман жетіңіз, Жеңіс солдаты!»,-демекпіз.

 

Қараша Қараман, журналист.

Қаратал ауданының құрметі азаматы.

2013 жыл.

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход / Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход / Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход / Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход / Изменить )

Connecting to %s