Хақназар хан билігі

2XVI ғасырдың екінші жартысында қазақ мемлекеттігі қайтадан нығаю жолына түсе бастады, Қасым ханның Ханық сұлтан-ханымнан туған ұлы Хақназарды хандық дәрежеге көтеру рәсімі болды. Хан сайлау салты бойынша, оны ақ киізге отырғызып, молда хутба оқыған соң, киізді төрт би төрт бұрышынан көтеріп, жиналған жұрттың алдынан өтіп, жаңа ханды таныстырады. Ішкі және сыртқы саясатта әкесі Қасым ханның жолын жалғастыра отырып, Хақназар хан қазақ руларының ескі қонысын сақтау, көрші елдер арасындағы Қазақ хандығының ықпалын арттыра түсуге күш салды.

Башқұрт елі арасында тараған мәліметтерге сүйене отырып, П.И.Рычков: Бұл Хакназар хандық мәртебеге көтерілген соң күшейгені соншалық, тек ноғайларды ғана емес, Башқұрт елін, Қазан, Сібір және Астрахан патшалықтарын, Бұхараны, Хиуаны, Ташкенді және басқа көптеген қалаларды өз билігіне қаратты және олардан алым-салық жинатты, — деп көрсетеді. Шын мәнінде, Хақназар ханның мемлекеті мұншалықты дәрежеге жетпегенімен, оның кеңейіп, нығая түскендігі даусыз.

Моғолстанның Орталық Азия кеңістігінде елеулі саяси-әскери күш ретінде соңғы көрінуі осы Хақназар ханның билігіне тұспа-тұс келеді. Қазақ рулары бұл кезде жайылым іздеп, Жетісудан тыс Моғолстанның ішіне де жетеді. Бұған наразы болған Абд-ар-Рашид хан біріккен қазақ-қырғыз қолдарымен әлденеше рет қанды шайқастар өткізіп, оларды Моғолстаннан ығыстырады.

XVI ғасырдың 50-жылдары Ноғай ордасы үшін өте ауыр кезең болды. Ішкі алауыздықтан әлсіреген ноғай елінің Жайық пен Елек өзендерінің бойындағы біраз ұлыстары Қазақ хандығының құрамына енеді. Хақназар ханның ьқпалы Сібір билеушісі Көшім ханға да жайсыз тиген еді.

1552 жылғы Қазан, 1556 жылы Астрахан хандықтарының жерін өзіне қаратқан Ресей — енді Қазақ хандығына көзін сала бастайды. Өйткені Қазақ, хандығы арқылы ол Орталық Азия және Сібірмен қатынас жасай алатын еді. Орталық Азияға сауда жолы Тобылдан Ертіс арқылы Есілдің жоғарғы сағасына, одан әрі Ұлытаудың етегімен Сарысудан Түркістанға, содан соң Сырдан өтіп Бұхараға шығатын еді. 1573 жылы орыс патшасы IV Иванның Қазақ хандығына жіберген елшілігі жолда тұтқынға түседі. 1574 жылы Иван Грозный Оралдағы ағайынды Строгановтарға қазақтармен салықсыз сауда жасау құқығын береді. Осы кезеңде қазақ жеріне бас тіреген орыс елшілерінің бәріне де Қазақ хандығының ішкі жағдайын, оның көрші елдермен қарым-қатынасының жай-жапсарын анықтау тапсырылады.

XVI ғасырдың екінші жартысында да шайбанилықтар мен қазақ хандары арасындағы қатынастағы ең өзекті мәселе — Сырдың орта ағысындағы қалаларға билік ету еді. Бұхара, Герат және Қорасанның билеушісі Абдаллах хан өзінің жауларымен, әсіресе Ташкенттегі билікті басып алған Баба сұлтанмен күресте қазақ хандары Хақназар, Шығай және Тәуекелдердің қолдауына сүйенуге тырысты. Абдаллах хан мен Баба сұлтан арасындағы алауыздықты ұтымды пайдалана отырып, Хақназар хан Түркістанның төңірегін және Сауранды өз билігіне қаратуға күш салды. Бірақ осы билік үшін өзара қырқыс барысында Хақназар хан екі ұлы және басқа сұлтандарымен Баба сұлтанның әскерінің қолынан қаза табады. Шамамен 1580 жылы өмірден кеткен Хақназар ханның билігінің соңына карай Қазақ хандығы батыста — Жайық, солтүстікте — Есіл мен Нұра, шығыста — Шыңғыстай, Балқаш және Шу өзені, оңтүстікте Түркістан аралығын қамтыды. Хақназар хан тұсында ноғай, башқұрттардың біраз бөлігі Қазақ хандығына қарады, қырғыз-қазақ одағы бұрынғы жылылық қалпын сақтады.

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход / Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход / Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход / Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход / Изменить )

Connecting to %s