Пушкин орта мектебінде «Жеңістің рухы мәңгілік» тақырыбында ерлік сағаты өтті.

Тарих көші үнемі жаңаланып отырады. Десе де ұмытылмайтын, ескірмейтін тарихи оқиғалар болады. Соның бірі — әлемді дүр сілкіндірген ІІ дүниежүзілік соғыс. Бұл соғыстың қасіреті мен батыр ағаларымыз бен апаларымыздың ерлігін ешкім ешқашан ұмытпақ емес. Осы Ұлы Жеңіс күнінің мән-мағынасы мен маңызын келешек ұрпаққа ұғындыру,
ардагерлерімізді құрметтеу, олардың әңгімесін тыңдап, жас өрендердің бойына ерлік, батырлық, отансүйгіштік секілді қасиеттерді дарыту мақсатында Қаратал аудандық кітапхананың ұжымының ұйымдастырумен Пушкин орта мектебінде «Жеңістің рухы мәңгілік» тақырыбында ерлік сағаты өтті. Ерлік сағатын кітапханашы А. Жақсылықова жүргізіп Ұлы Отан соғысы жайлы оқушыларға баяндап берді. 6 сынып оқушысы Айсерік Атимов «Қара қағаз» атты монолог оқыса, 7 сынып оқушысы Қасенова Ақнұр «Соғыстан қайтқан солдаттар» әнін орындады. Кеште 6 сынып оқушылары Берік Тойбаев, Айгерім Акишева, Айбек Әлиев, Сағынғалиев Қанат, Жолдыбаев Қанат Ж. Жабаевтың, Қ. Аманжоловтың, Ж. Молдағалиевтің өлеңдерін оқыды. Дарынды оқушыларымыздың бірі Мотдиев Ерғазы Құрманғазының күйін шертіп, шараның әрін келтіре түсті. Шара соңында кітапханашы «Ұлы Жеңіс ұмытылмас тарих» тақырыбындағы кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.

Реклама